Моншаны сақтар ойлап тапқан
Біреулер «мәдениет Батыстан бастау алды» десе, келесі біреулер «оларға мәдениет Шығыстан барды» дейді. Соның ең қарапайым мысалы ретінде моншаның осы Шығыс елдерінен шыққанын алға тартады. Осы рас па және монша нақты қай кезде Шығыстың қай елінде пайда болған?
Данияр Сапаров, Шымкент
Бізге мұрын шүйіре қарап жүрген Батысқа бір ғана ғылыми жаңалықпенен тойтарыс берген Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ» кітабы естеріңізде болар. Негізінен, Шығыс мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін тарихи деректер жетерлік. Соның бірі сіз сұрап тұрған моншаға да қатысты. Монша жайлы тұңғыш дерек Геродот жазбаларында ұшырасады. Онда тарихтың атасы біздің ата-бабаларымыз – сақтардың моншасын суреттегенде көз алдыңызға кәдімгі киіз үй елестейді. Жан-жағы киізбен қапталған сол үйдің ортасында су толтырылған қазандыққа сақтар уатылған тастарды тастайды екен де, бірнеше минуттардан кейін оны сүзіп алып, үстіне сора шөбінің дәнін тастайды екен. Демек, әу бастағы монша тек буымен ғана емес, фитотерапиясымен де емдеу қасиетіне ие болған.
Сондай-ақ ежелгі Римде де мақтауға тұрарлықтай монша болғаны жайлы тарихи деректер бар. Ерекше айтарлығы, оның бір кіргенде 2000 адам сиярлықтай көлемді болғаны. «Көпшілік Рим моншасы» деген атау осыдан шыққан. Және Рим моншасының едені 60 градусқа дейін ыситын болыпты. Өйткені бүкіл бу да, жылу да моншаның еденінен тараған.