Мирмекология нені зерттейді?
Бір кітаптан «мирмеколог ғалым» деген тіркесті кездестірдім. Бұл сөз нені білдіреді?
Раушан Елесбекова, Алматы қаласы
Мирмекология – құмырсқаларды зерттейтін ғылым. «Мирмек» түбірі көне грек тілінде «құмырсқа» дегенді білдіреді. Құмырсқалар мен олардың илеуін зерттеу өте ерте кезден басталады. Дегенмен мирмекологияның жүйелі түрде дами бастаған мезгілі – өткен ғасырдың орта шені. 1954 жылы Францияда зоологияның бұл саласына арналған ірі энциклопедия жарық көрді. 1963 жылы Мәскеуде Құмырсқаларды орман зиянкестерімен күреске қолдану жөніндегі І бүкілодақтық симпозиум өтті. КСРО-ға танымал мирмекологтердің бірі – қазақстандық Павел Мариковский. 1912-2008 жылдары өмір сүрген ғалым зоология ғылымында тұңғыш рет амазонка-құмырсқаларды ашқан. Биология ғылымының докторы, энтомолог-құмырсқатанушы, жазушы Павел Мариковский – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. «Мирмекология» сөзімен түбірлес «мирмекоморфия, мирмекофагия, мирмекофилия» деген де терминдер бар. Мирмекоморфия – құмырсқамен ұқсас жәндіктерге қатысты болса, мирмекофагия деп құмырсқалармен қоректенуді айтады. Ал құмырсқалармен бірге өмір сүруді қалайтын адамдарды мирмекофилдер дейді.