Мінез қолтаңбадан қалай көрінеді?
Әдетте адамның мінез-құлқын жазуына қарап-ақ білуге болатын көрінеді. Осының нақты бір түсініктемесі бар ма?
Ержан ҚАЛИ, Талғар қаласы
Мамандар адамның жазу үлгісін саралай отырып, мына жайттарға назар аудару қажеттігін айтады. 1. Оқылымды қолтаңба адамның қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынас орнатуға қабілеттілігін көрсетеді. Ұқыпты адамның жазуы да көрнекті болады. 2. Көсілтіп, әріптерді созып жазуға жұрттың назарында болуға тырысатын адамдар құмар келеді; ұсақ жазу өз-өзіне сенімсіз, әлжуаз кісілерге тән. 3. Дөңгелектеп, жұмырлап жазу мейірімділікті аңғартады; сүйірлене жазылған әріптер бірбеткейлікті білдіреді. 4. Айқын түскен тығыз әріптер күшті ықпал мен үстемділікке ұмтылатын адамдарға тиесілі. Әлсіз таңбаланған көрінер-көрінбес қолтаңба – жасық мінездің көрінісі.
Кісінің жазуына қарап отырып, алаңдатарлықтай жағдайларды да аңғаруға болады. Мәселен: 1. Әріптерді жиі-жиі сүйірлеп, сондай-ақ арасын айтарлықтай үзіп жазу – стрестің және шаршағандықтың белгісі. 2. Қағаздағы бейберекеттік – әріптердің азат жолдарсыз, тегіс жазылмауы ойдың шашыраңқылығы мен адамның өз ортасынан орын таппай жүргендігін көрсетеді. 3. Каллиграфиялық қолтаңба – егер адам мектеп қабырғасынан үйренген жазу үлгісіне өз тарапынан ештеңе қоспаса, онда оның әбден қажыған кісі болғандығы.