Газет-журналдардағы хабарландырулар бойынша жұмыс іздеген кезде «компанияға мерчендайзерлер керек» деген құлақтандыруды жиі кездестіреміз. Мерчендайзер деген – қандай маман? Мұндай маман болу үшін жоғары білімнің болуы міндетті ме?
Ғазиз МҰРАТҰЛЫ, Алматы облысы
Мерчендайзер – саудада тауардың жақсы өтуін қамтамасыз етуші маман. Оның негізгі міндеті – өзі қызмет ететін фирманың имиджин көтеру, дүкен сөрелерінде тауардың сатып алушыларға ыңғайлы ретпен орналасуын қадағалау, тауардың сөрелерде таусылып қалмауын бақылау. Сондай-ақ ол дүкендерді жарнамаға толтырып, фирманың атынан сыйлықтар ұйымдастырады. Мерчендайзердің жұмысы фирманың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Әрине, әсіресе бизнеске, қаржыға қатысты жұмысты атқару үшін жоғары білімнің болғаны дұрыс. Алайда көп жағдайда компания басшылары жоғары білім алушы студенттерді немесе 20 мен 30 аралығындағы жастарды мерчендайзерлікке жиі қабылдайды. Ең бастысы, мерчендайзерлік қызметті атқарушы тілтабысқыш, пысық, сыртқы келбеті келісті, қағілез болуы шарт.