Жуырда ғана хиджаб киюге тыйым салынбайтыны айтылған болатын. Алайда мұғалімдер менің оқушы қызыма әлі де болса орамал тағып жүруге рұқсат бермей жатыр. Осы дұрыс па?
Аманкүл ШАЛАХМЕТҚЫЗЫ, Ақтөбе
Сіздің айтып отырғаныңыз әділет министрі Рашид Түсіпбековтің осы мәселеге байланысты сауалға өзінің жеке блогындағы «Қазақстанның заңдылығы республиканың жалпы білім беретін мектептерінде хиджаб киюді шектемейді» деген жауабы болар. Бірақ үлкен дау тудырған осы мәселеге аптаның алғашқы күнінде ғана республиканың білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев нүкте қойды. «Хиджаб – мұсылман әйелдердің діни киімі, ол – басқа орамал тарту мен денені толық жауып тұратын кең көйлек кию деген сөз. Демократиялық және зайырлы мемлекетте хиджаб киімі белгілі бір дінді ұстанушылықты білдіреді, бұл жалпы білім беретін мектептердің міндеттеріне сай емес. Осы орайда республиканың мектептерінде белгілі бір дінді ұстанатындығын көрсететін киім киюге тыйым салынған, бірыңғай мектеп формасын кию ұсынылған», – деген сөзді министр өзінің блогындағы сұраққа жауап ретінде жазды. Бір сөзбен айтқанда, мектеп оқушылары сабақ уақытында хиджаб киіп жүре алмайды.