Мектеп инспекторының міндеті не?
Қазіргі кезде мектептерде оқушылардың тәртібін қадағалайтын арнайы инспекторлар жұмыс істейтінін білеміз. Бұл, негізінен, сол мектеп орналасқан аумақтағы учаскелік инспектордың міндетіне кірмей ме?
Нұрила Байсалқызы, Алматы облысы
Учаскелік инспектор өзіне бөлінген белгілі бір ауқымды жерді бақылайды. Ол тек мектепке ғана көңіл бөле алмайды. Сондықтан да еліміздегі білім мекемелерінде мектеп инспекторларының болуы заңды. Мектеп инспекторы әр оқушының жас ерекшелігі, ортасы мен отбасындағы жағдайын ескеріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, білім мекемелері орныққан аумақтағы қоғамдық тәртіпті қорғаумен, сондай-ақ оқытушылармен, мектеп психологтарымен, оқу орнының әкімшілігімен бірлесіп жұмыс істеу арқылы мектепке қатысты түйінді мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал жасауы керек. Ата-ана баланың отбасындағы тәртібін қадағаласа, мектеп инспекторы қоғамдағы тәртібін бақылауға алады.
Білім шаңырақтарында мектеп инспекторларының болуы кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға көп көмегін тигізеді.
Алайда мектеп инспекторы тәртіп бұзғандарға бірден жаза қолданбай, теріс әрекеттердің себептерін анықтағаны жөн. Әр баламен және олардың ата-аналарымен де жекеше жұмыс жүргізіп, оларға психологиялық-моральдық тұрғыдан кеңестер беріп, дұрыс жолға түсуіне мүмкіндік жасауы қажет.