Табыл Досымовтың зираты Махамбет жатқан Қаройда дегенді естідім. Атырау жақта бірнеше Қарой деген атау бар. Осының нақты дерегін білсем деп едім.
Самат АБИЫРҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Ұзақ жылдар Махамбет шығармашылығын салалы түрде зерттеуші, академик Қажым Жұмалиев тек 1958 жылы ғана Махамбеттің денесінің қай жерге жерленгенін анықтаған. Осы кезге дейін Махамбеттің дәл қай жерде жерленгені жөнінде деректі мәліметтер болмаған. 1927 жылы Ташкентте баспадан шыққан Халел Досмұхамедұлының Исатай мен Махамбет жайлы жазған кітабында және кейінгі әдеби-тарихи зерттеу еңбектерінде Махамбет Қарой деген Гурьев облысының жерінде қаза болды делінген. Ал, шынында, Гурьев облысының Есбол ауданында Қарой деп аталатын екі жер бар, бірі Жайық өзенінің Еуропа жағында, Нарын құмының шығыс беткейінде орналасқан мал жайылымы, екіншісі Жайықтың Азия беткейіндегі осы Махамбет бейіті орналасқан жердегі суы тұщы шегенді құдығы бар, шағын алқап еді. Жалпы, ел ішіндегі ақсақалдардың әңгімелеріне қарағанда, Ықылас Түлеев бастаған қаныпезерлер Махамбеттің басын денесінен бөлек шауып алып, Шыңғырлау өзенінің бойында орналасқан аға сұлтан Б.Айшуақовтың ставкасына апарып, сұлтаннан сыйлықтарын алып, сол маңға көміпті, ал денесі өлтірілген жерінде көмілген деген аңыз әңгімелер болатын. Академик Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, 1847 жылы 30 наурызда Б.Айшуақов өлгеннен кейін Махамбеттің Шыңғырлауда жерленген басын ағайын-достары тауып алып, Индер көлінің маңындағы Қарой деген жерге әкеліп, денесі жатқан жерге көмген деседі. Табылды марқұмның сүйегі Махамбет батырдың денесі жатқан осы Қарой жерінде жерленген. Мұнда Табылдың анасының да зираты бар.
Махамбет қай Қаройда жерленген?
Последние статьи автора