Қазақ болған соң той-томалаққа бармай тұрмаймыз. Барған соң ептеп ішімдіктен ұрттауға тура келетін кездер болады. Сондай жағдайда масайып қалмас үшін не істеген дұрыс?
Тоқмырза, Алматы
Бүгінде ішімдіксіз-ақ қазақтың сары қымызы, тіл үйірер шұбатымен де той өткізу дәстүрге айналып келеді. Дегенмен бұл үрдіс толық әдетке айналды деп айту қиын. Ішімдік әлі дастарқаннан түскен жоқ. Ал күштілігі әртүрлі спирттік ішімдіктердің әркімге әрқалай әсер ететіні рас. Сондықтан қауіптенуіңіз орынды. Қызып қалмас үшін ішімдік ішердің алдында, мүмкін болса, бір қасық өсімдік майын немесе шикі жұмыртқа ішіп алыңыз. Ішімдікпен қоса су немесе басқалай сұйық сусын ішпеген дұрыс. Ішімдік ішкен соң картоп жеп немесе сүт ішіп отырыңыз. Ең дұрысы, қазы, қартаны көбірек жеп, тамаққа тойып алыңыз. Масайып қалып, есіңізді тез жинау керек болса, мүсәтір спиртінің 8-10 тамшысын жарты стақан суға араластырып ішіңіз. Асқазаныңызды тазарту керек болса, бір ас қасық ас содасын бір литр қайнаған суға ерітіп ішіңіз немесе бір аспирин мен белсендірілген көмірдің 10 түйірін қабылдаңыз. Ыстық су мен суық суды кезектестіріп отырып душ қабылдап, бас, маңдай, құлақ пен бетті қатты ысқылап, массаж жасаған да пайдалы.