«Маргинал» деген жақсы ат емес
Соңғы кездері кейбір тұлғаларға қоғамның, онда да оқыған адамдардың «ей, ол маргинал ғой» дегенін жиі еститін болдым. Бастапқыда онша мән бермеуші едім, қазір көп естіген соң ба, «маргинал» деп кімдерді және не үшін атайтынын білгім келіп жүр. Бұл мәдени термин бе, мағынасы қандай?
Болат БЕКЕНҰЛЫ, Қызылорда қаласы
Маргиналдылық – тұлғаның бір-біріне кереғар екі әлеуметтік топтың арасында қалып, не ана топқа, не мына топқа кіріге алмаудың салдарынан, психикалық дағдарыста қалуын сипаттайтын әлеуметтік атау. Бұл ұғым латынның marginalis – «шетке ысырылып қалған» деген сөзінен шыққан. Ал маргинал атауы алғаш америкалық әлеуметтануда 1920 жылы иммигранттардың жаңа әлеуметтік жағдайға бейімделе алмауынан бастап пайда болыпты.
Біздің әдеби, мәдени ортада «маргинал» ұғымының пайда болып, жиі ауызға алына бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бұл біздегі саяси жүйенің өзгеруінен басталды. Ұлттық мәдени құндылықтар мәселесі талқыға түскен кезеңде тұлғалардың соған көзқарастары мен пікірі айқындалып, сол арқылы кімнің кім екені көріне бастады. Бізде бұрынғы кеңестік кезеңдегі көзқарастарынан ажы-рай алмай, орыстың әдебиеті мен мәдениетін ыстық тартып, қазақтың мәдениетіне кіріге алмай жүрген тұлғаларды жағымсыз екпінмен «маргинал» деп атау осы тұста өріс алды.