Мақатаев сыйлығы кімдерге берілген?
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық кімдерге берілген? Бүгінде ол сыйлықты тағайындау неге тоқтап қалды?
Мұрат ӘРМИЯҰЛЫ, Алматы қаласы
Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ әдебиетіне еңбегі сіңіп, елеулі шығармаларымен ерекшеленген қаламгерлерге белгілі ақын-жазушылар атындағы арнайы сыйлықтар беріліп келді. Кейін атаулы сыйлықтардың басы біріктіріліп, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы ретінде тағайындалатын болды. Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық 1985 жылдан 1990 жылға дейін беріліп келді. Ал қазіргі уақытта кейбір орталықтар ұйымдастырған ақынды еске алу шараларында өнер адамдарына үлестіріліп жүрген Мақатаев сыйлығы кезіндегі шығармашылық одақ басқармасының арнайы шешімімен белгіленген сыйлығының дәрежесіндей емес. Сонымен, қаламгерлер:
• 1985 жылы Несіпбек Айтұлы – «Күміс күйме» поэмалар кітабы үшін;
• 1986 жылы Жүрсін Ерман – «Арайлы күн» жыр жинағы үшін;
• 1987 жылы Ерік Асқаров – «Көгілдір» атты өлеңдер кітабы үшін;
• 1989 жылы Аманхан Әлім – «Жанымның жапырағы» жинағы үшін;
• 1990 жылы Бауыржан Жақып – «Көзімнің нұры» жыр кітабы үшін және Жаңабек Шағатай «Көкөзек шақ» әңгімелер жинағы үшін М. Мақатаев сыйлығының нағыз иелері деп танылған.