Малға «ұрсуға» болмайды
Әке-шешеміз «малды теппе» деп жататын. Жалпы, халқымызда малға қатысты қандай тыйымдар бар?
Ғазиз, Ақтөбе қаласы
Төрт түлік малдың болмысын жаратылыс заңдылықтарымен сабақтастыра бақылап, терең таныған бабаларымыз өз санасында соларға қатысты мифтік, пәлсапалық, мәдени танымдар мен ұғымдар қалыптастырған. Атакәсіпке байланысты туындаған малға қатысты тыйымдардың бір парасы төмендегідей:
• Жас төлді арқасынан сипауға болмайды: өспей қалады. Жатқан малдың үстінен аттамайды. Аттаған жағдайда кейін аттау керек. Әйтпесе мал омыртқасын сындырады болмаса қасқыр жейді.
• Жас малдың мүйізі шығар кезде қолмен сипауға болмайды, мүйізі қисық болады. Сол үшін оны басқа мал сүзеді.
• Бөтен адамды малдың ортасына кіргізбейді, көз тиюі мүмкін.
• Малшыларға беті-қолын жумай, мал шығаруға болмайды.
• Қой бағып отырып тігін тігуге, жыртқыш құстардың атын атауға, мал ауруының атын атауға болмайды және өзіне, отбасына байланысты қайғылы нәрселерді айтуға болмайды.
• Малдың жанында отырып, тізеге салып, ағаш сындыруға болмайды, малдың аяғы сынады. Отын жаратын балтамен болмаса аяғыңмен басып сындыру керек.
• Малшыға өз таяғын бөтен адамға беруге болмайды. Шопанның таяғы киелі болып есептеледі.
• Малдың уызын алдымен иесі ішуі керек, уыз ішкен соң, іле су ішуге болмайды. Уыздан иесі өзі татпаса, кедей адамға болмаса итке береді. Ол ақ мол болса екен деп тілеу тілеп жүреді.
• Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды. Сүттен жасалған тағамдарды жерге түкіріп тастамайды, жын-шайтандар қағып алып кетуі ықтимал.
• Малдың сүйегін аяққа баспайды, жерге көміп тастайды. Қойдың мүйізін, жүнін өртеуге болмайды.
• Малды аяқпен теуіп, зекуге болмайды.