Мағжанның қайраткерлігі қай тұрғыда көрінді?
Көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев шығармаларының ұлттық әдебиетімізде алар орны ерекше екендігі анық. Ол – сонымен бірге үлкен қайраткер ретінде де танылған тұлға. Мағжанның осы реттегі еңбегіне қысқаша тоқтала кетсеңіздер екен?
Ардақ БЕКЖАН, Астана
Мағжан Жұмабаев – шығармашылығынан туған халқының тынысымен қатар, тұтас кезең бейнесі көрініс тапқан көрнекті тұлға. Көзінің тірісінде-ақ Мағжанды тек қазақ оқырмандары ғана емес, Ресей әдебиетшілері де жоғары бағалап, әлемдік деңгейдегі ақын ретінде таныды. Мағжанның бұл реттегі артықшылығы, ол сонымен бірге жалынды күрескер де еді. Яғни ол күш-қайратын халқының тәуелсіздігі жолына жұмсап, оқу-ағарту арқылы ұлтын биік деңгейге көтеруді, жаңғыртуды көкседі. Сөйтіп, Мағжан Жұмабаев 1917 жылы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған және қазақ интеллигенциясының ең озық өкілдерінің басын қосқан «Алаш» қозғалысына қосылды. Сол уақыттарда еліміздің білім беру жүйесін негіздеуге байланысты оқулықтар жазған ол алашордашылар қатарында жүріп, үлкен ағартушылық жұмыстар атқарды.