Магнаттың есімімен аталатын сыйлық
Бір басылым бетінен «Пулитцер сыйлығы» дегенді кездестірдім, бірақ онымен кімдер марапатталатыны немесе танымал адамдардан кім иегер болғаны жөнінде естіген емеспін. Осы жөнінде білсем деп едім.
Мәншүк БАЙКЕНОВА, студент
Пулитцер сыйлығы – әдебиет, журналистика, музыка және театр саласы мамандарына берілетін АҚШ-тағы ең таңдаулы сыйлықтардың бірі. Газет магнаты Джозеф Пулитцер (1847 жылы туған) 1911 жылдың қазан айында қайтыс болады. Ол өзінің артында қалған 2 миллион долларды осы мақсатқа пайдалану үшін қор құру жөнінде мұрагерлік жазып қалдырған. Мұрагерлік оның көзінің тірісінде, яғни 1903 жылдың 17 тамызында жасалған еді. Содан бері осы күн Пулитцер сыйлығының дүниеге келген күні деп аталады. Сыйлықтың көлемі – 10 мың АҚШ доллары. Сыйлық 1917 жылдан бері жылда мамыр айының бірінші дүйсенбісінде Нью-Йорктегі Колумбия университетінің түлектеріне табысталады.
Кейде New York Times, The Wall Street Journal және The Washington Post сияқты ірі басылымдар журналистік аталымы бойынша жүлде алса, елеусіз, кішкене газеттер де марапатталып отырды. Сыйлық алған көптеген кітап үздік туындылар тізімінде ешқашан болған емес, марапатталған пьесалар театр сахналарында қойылған жоқ. Бірақ сонда да болса сыйлық берілді. Сондай-ақ қағазбен жұмыс істейтіндер ғана емес, интернет-кеңістік жұмысы да солардың қатарына қосылды. Америка тарапы бірінші рет атаулы сыйлықты ресейлік тілшіге шешен соғысында жүргізген репортажы үшін берді. Мәскеу бюросының бас фотографы да 1991 және 1996 жылдары Ресейден жүргізген фоторепортажы үшін екі рет марапатталды.