Лоббизм деген не?
Лоббизм сөзі көбірек қолданыла бастады. Бұл ұғым қайдан шықты және мағынасы қандай?
Елдос, Алматы облысы
Лоббизм – (ағылш. 'lobby' – мәжілістен тыс жерлердегі күңкіл сөздер) – билік институттары ресми қызметінен тысқары жүзеге асырылатын, ықпалды іскерлер мен саясаткерлердің лоббистердің – нақтылы бір топтардың мүдделерін қорғайтын заң жобасын жақтап, талап етілетін Үкімет шешімін қабылдауға немесе өздеріне пайдалы мемлекеттік тапсырысты алу үшін талаптануы. Осы мақсатпен жеке кездесулер, байланыстар, келіссөздер ұйымдастырылады, ғылыми-зерттеулердің нәтижесі баяндалған, қоғамдық пікірді зерттеу қорытындылары көрсетілген хат және телеграммалар табысталады. Әдетте лоббистер өз мақсаттарына жету жолында ештеңеден тайынбайды, «ауыз бастырық», пара беру, қызмет көрсету, қоқан-лоқы жасау, арандату және т.б. әрекеттерге дейін барады. Лоббизм АҚШ саяси өміріне анағұрлым жақын. Алайда мұнда лоббизм – тек мәжілістен тыс жерлерде уағдаласу (ол да кеңінен таралған) ғана емес, сонымен қатар заң жобаларын, биліктік-нұсқаулық актілерді сарапшылар, кеңесшілер ретінде дайындап, қабылдауға қатысудан көрініс табады. Лоббизмді заңды және заңсыз деп бөлуге болады. Екеуінің аражігін ажырату қиынға соғатындықтан, оған саяси құбылыс ретінде қарау да біржақты емес. Лоббизмге екі тәсіл қолдану қалыптасқан: тыйым салушы және құқықтық-реттеушілік. Бірінші тәсілді жақтаушылар лоббизмді қылмыстық әрекетпен теңестіреді және осы негізде заңнамалық санкциялар енгізу арқылы оны жоюға талпынады. Екінші тәсілдің жақтаушылары лоббистік белсенділікті құқықтық шеңбермен шектеуді ұсынады. Мысалы, Францияда лоббистік әрекет заңсыз болып танылса, Үндістанда сыбайлас жемқорлыққа теңдестірілген, АҚШ мен Канадада заңмен реттеледі.