Лезгин биі қайдан шыққан?
Тойлардың сәніне айналған лезгин биі Кавказ халықтарына тән екенін білеміз. Осы бидің шығу тарихы турлы жазсаңыздар...
Айгүл БЕКОВА, Алматы қаласы
Сіздің сұрағыңызға «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Ваха Сурхаевтың мәліметтеріне сүйене отырып жауап берейік. Шешендер, ингуштар, осетиндер мен қарашай-балқарлар, грузиндер және армяндардың ата-бабасынан бері келе жатқан бұл биді бүкіл әлем жақсы біледі. Оның әуені де, қимылы да ерекше. Ерте кездері Кавказ жері арқылы Еуропа мен шығыс елдерінің арасын байланыстыратын сауда байланысы жүрген. Бұл аймаққа келген еуропалық саудагерлер, саяхатшылар жергілікті халықтың биін көріп қайран қалса керек. Ол кезде олар өздерін лезгиндер деп атаған. Қолдары сәл босай қалса әнін айтып, биін билейтін тау халқында ұлттық өнер аз емес. Дегенмен көбінесе жастар жиналып, жылдам әрі тез қимылды талап ететін биден өзара жарысқан. Қыздар жағы бәсең, сыпайы қимылымен көрген көзді баурайтын болған. Лезгин тау халықтарының салт-дәстүрінде ерекше орын алатын бүркіттің қимылдарынан бастау алған. Жігіттің аяғының ұшымен жүріп, екі қолын жая қимылдауы ұшуға дайындалып отырған маңғаз құстың кейпін танытады. Мысалы, грузиндер биді «картули» деп атайды. Яғни «кард» лезгиндердің тілінен аударғанда «құс» деген мағынаны білдіреді екен. Кавказ ұлттары үшін бүркіт – киелі құс. Бидің өзінен-ақ ұлттық намыс, тәкаппарлық сезіліп тұрады.