«Лениншіл жастың» таралымы қаншаға жетті?
«Шерағаң редактор болған тұста «Лениншіл жас» газетінің таралымы күрт өсті» деп естиміз. Нақты қаншаға көтерілді екен?
Ақмарал БОЛАТҚЫЗЫ, Астана қаласы
1955 жылы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірісімен ә дегеннен-ақ еңбек жолын журналистика саласынан бастаған Шерағаң, Шерхан Мұртаза алдымен Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында қызмет етті. Бұл 1955 жыл болса, арада жыл толмайтын айлардан соң 1956 жылы «Лениншіл жастың» бас редакторы қызметіне тағайындалды. Содан 1960 жылға дейін төрт жылда «Лениншіл жастың» тасы өрге домалауы, яғни оқырманы көп, жұртшылықтың іздеп жүріп оқитын сүйікті газеті болуы – сөз жоқ, редактор Шерхан Мұртазаның еңбегі. Ал нақты таралым санына келсек, бұл жайлы Шерағаң өз сөздерінде «мен келгенде 40 мыңның жобасында болған газет төрт есеге өсті» дейтін болса, публицист Қуанышбай Құрманғали естелігінде: «Мысалы, «Лениншіл жастың» тиражы мен барған 1960 жылы 92 мың шамасы еді, Шерағаң басқа қызметке ауысқан 1970 жылы ол көрсеткіш 250 мыңнан асып жығылған. Газет беделінің өсуінің, қалың қазақтың көңілінен шығуының нақты дәлелі – осы», – деп жазады. Шерағаңның беделі тіпті ол кісі газет басшылығынан ауысып кеткен күннің өзінде де басылым таралымының жоғары көрсеткіште қалуына себеп болған.