Күзетшінің еңбекақысы қалай есептеледі?
Мен ауыл мектебіне күзетші болып жұмысқа орналастым. Мектептердегі күзетшілердің айлық еңбекақысы сағатпен есептегенде қалай болады?
Жомарт Жақсыбеков, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен (бұдан әрі – қаулы) реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
«Күзетші (вахтер)» (1-разряд. Ауысым бойынша аға міндеттерін орындау кезінде – 2-разряд) кәсібі бойынша тарифтік-біліктілік сипаттама Бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығының 1-шығарылымында көрсетілген.
Жұмысшылардың лауазымдық жалақыларын есептеуге арналған коэффициенттер қаулыға 3-қосымшада берілген.
Бүгінде БЛЖ мөлшері 17 697 теңгені құрайды.
Қаулыға 19-қосымшаға сәйкес, мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне түнгі уақытта жұмыс істегені үшін кешкі сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейін әр сағат үшін сағаттық жалақының 50%-ы мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Ауысымдық жұмыс кезiнде қызметкерге барлық нақты жұмыс атқарған сағаттарына төлем жүргізіледі.