Күзде бет терісіне қандай күтім жасау керек?
Күз мезгілінде біздің ағзамыз түрлі өзгерістерге ұшырайды. Оған себеп: ауа райы, тамақтану рационы сынды дүниелер. Олардың өзгеру әсерінен бет терісінде түрлі проблемалар пайда болуы мүмкін. Сол себепті аталмыш мезгілде біздің жүзіміз ерекше күтімді қажет етеді.
Күн суыта бастағанда, теріде өзгерістердің көбеюі жаз мезгіліндегі ауа райына байланысты болады. Өйткені күн мен ыстық желдің әсерінен тері тітіркенеді, кебеді. Ал оны міндетті түрде қалпына келтірген жөн. Ол үшін күтім косметикасын таңдауға аса жауапкершілікпен қараған абзал.
Косметика сатып аларда, құрамында теріні қорғайтын бірқатар қорек заттары мен дәрумендер барына назар салыңыз. Мәселен, бадам майы теріні жақсы нәрлендіреді, зиянды факторлардан қорғайды. Себебі оның құрамында тері липидтеріне ұқсас олеин қышқылы бар.
Теріні нәрлендіру және ылғалдандыру
Күз мезгілінде ең бастысы – теріні ылғалдандыру. Осы кезеңде ауа температурасы төмендегендіктен, құрылымы тығыз кремдерді қолдана беруге болады. Сондай-ақ бұл күтім сіздің теріңізді қысқы суыққа дайындайды.
Теріні күн сәулесінен қорғау
Күзде күннің әсері айтарлықтай төмендейді, дегенмен бұл оның мүлдем жоғалып кететінін білдірмейді. Сондықтан, осы уақытта ультракүлгін сәулелердің кері әсері болатынын естен шығармай, SPF қолданған жөн. Ал пигментациядан зардап шегетін жандар мезгілге қарамастан, үнемі пайдалану керек.
Қабыршақтану
Ауа райының салқындауынан тері тез қабыршақтанып кетеді. Сол себепті күтіміңізге пилинг пен скрабтарды қосыңыз. Бұлар теріні жұмсартады, нәр береді. Одан соң ылғалдандыратын кремдерді жағыңыз. (Дегенмен жазда бұл күтім косметикаларын қолдануға кеңес берілмейді).
Теріні тазарту
Кейде күзде безеу пайда болып, ол қабынуы мүмкін. Сондықтан мұның алдын алуға ертерек мән беріңіз. Косметологтың кеңесімен ғана бет терісін тазалатқан жөн. Сондай-ақ майлы кремдерді қолдануды доғарып, оның орнына жеңіл крем, тоник және косметикалық көбіктерді пайдаланыңыз.
Тамақтану рационы
Күзде көбірек шаршап, ағза әлсірейтіндіктен, жүйелі тамақтануға көңіл бөлу керек. Бұл адам жүзінің жарқырап көрінуіне әрі сау болуына ерекше әсер етеді. Бет терісін әдемі ету үшін ас мәзіріңізге күкіртке бай тағамдарды, сондай-ақ А, В, Е дәрумендерін қосыңыз.
Ағзаны А дәруменімен қамтамасыз ету үшін сүт өнімдерін, балық майын, жұмыртқаны, асқабақты, шпинатты жиі жеу керек. Ал сәбізден салат жасасаңыз, оған аз мөлшерде май қосқан жөн, бұл А дәруменін жақсы сіңіруге мүмкіндік береді.
В дәрумені тауық еті, банан, бұршақ, қызанақ шырыны мен картопта көп. Е тобының витаминдері – жұмыртқа, ет, балық, жаңғақтар. Күкірт кез келген ірімшік, бұршақ дақылдары, қырыққабат, бөдене жұмыртқасының құрамында кездеседі.
Күздің салқын күндерінде де жүзіңіз жарқырап тұрсын десеңіз, аталған кеңестерге тағы бір мәрте зер салыңыз.