Әдетте, қайын жұртымен бірге тұратын ерлерді «күшік күйеу» деп атайды. Кейбір жерлерде бұл сөз «күш күйеу» деп айтылады деп естимін. Қайсысы дұрыс?
Назым, Ақтөбе қаласы
Бұрынғы кезде көбіне жасы келіп, көпке дейін үйлене алмай жүрген жетім, жағдайы жоқ кедей жігіт үйленгенде қалыңмал орнына өз күшін жалдайды деп есептелген. Ол қайын атасына соның үйінде жүріп қызмет ететіндіктен, сол үйдің қара шаруасын атқаратын болғандықтан оны «күш күйеу» деп атаған. Яғни, күйеу жігіт қайын атасына көмектесіп, қолғабыс етіп, тұрмыстағы үй шаруасына септігін тигізетін болған. Тағы бір жорамал: сүрбойдақ болып ұзақ жүріп қалған жігіт ағасы айналасындағылардың ықпалымен, дәлірек айтсақ, күшпен үйлендірілгендіктен ондай жігіттерді «күш күйеу» дейтін болған.
Қазіргі қоғамда үйленгеннен кейін қыздың үйінде тұратын жігітті «күшік күйеу» деп атау белең алған. Негізінен, қазақ халқында күйеу бала қыздың үйінде тұрмайды. Жастар отау құрғаннан соң, жігіттің шаңырағына, болмаса өз алдына отау құрып, бөлек шығарылған. Мысалы, славян халықтарында күйеу жігіт қыздың әке-шешесінің үйінде де тұра береді. Сондықтан да қазақ қоғамы қайын жұртына тәуелді еркектердің ісін аса мақұлдамайды.
«Күшік күйеу» ме, «күш күйеу» ме?
Последние статьи автора