Кунсткамерада не бар?
Кунсткамерада жан түршіктірерлік құбыжықтар сақталатынын естігенмін. О баста кунсткамералар қандай мақсатта ашылған?
Мұрат Кашкеев, Алматы облысы
«Кунсткамера» дегеніміз неміс тілінен аударғанда сирек кездесетін заттар сақталатын бөлме деген мағына береді. Ең алғаш кунсткамераны Ресейде Петр I ашқан. Ресей патшасы І Петр 1697-1698 жылдары Голландия мен Англияның ірі қалаларына жасаған сапарында небір сирек кездесетін ғажайып дүниелер сақталған бөлмелерді көріп, кейін өзі де Ресейде осындай «кунштарға» арналған кунсткамера ашады. Тарихтағы кейбір деректерге сүйенсек, кезінде Петр І «Ресейде кемтар, құбыжық адамдар болмау керек, орыстар таза халық болу керек» деген қағидамен туа біткен кемтар балаларды, жаман дертке ұшырағандарды, құбыжық адамдар мен жануарларды өлтіртіп, олардың денесін осы кунсткамераға қойдырып отырған. Сондай-ақ ол Ресейге тәуелді бұратана халықтардың этнографиялық және сирек кездесетін дүниелерін жинайтын болған. Патшаның жинаған сирек кездесетін коллекциялары жылдан-жылға көбейіп, бір бөлмеге сыймаған соң, ол арнайы ғимарат салғызған. Санкт-Петербург қаласында орналасқан бұл ғимарат бүгінде Ұлы Петр атындағы Ресей Ғылым академиясының антропология және этнография мұражайы деп аталады. Мұнда көптеген халықтың тарихынан, тұрмысынан сыр шертетін сирек кездесетін заттар сақталған. Алайда бұл мұражай қазірдің өзінде көпшілікке адам және жан-жануарлар анатомиясында сирек кездесетін құбылыстар, жан түршігерлік құбыжықтардың коллекциясы сақталған кунсткамера ретінде таныс. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде осындай кунсткамералар бар.