Күніне қанша литр су ішу керек?
Мен Қытайда бір дәрігердің қабылдауында болғанымда маған «суды аз ішеді екенсіз» деді. Оның айтуынша, терім өте құрғақ көрінеді. Сонда күніне суды қандай мөлшерде ішу керек?
Фаузия КӘРІМҚЫЗЫ, ШҚО
Сіздің сұрағыңызға диетолог маман Әйгерім Қайратбекқызы жауап береді:
– Адам ағзасының үштен екі бөлігі судан тұрады. Әсіресе жас адамның ағзасы суға бай. Жас ұлғая келе ағзадағы судың мөлшері азая түседі. Мысалы, құрсақта жатқан үш айлық шарананың ағзасы 95 пайыз судан тұрса, 5 айлық шарананікі – 85 пайыз, жаңа туған нәрестенің ағзасы – 70 пайыз, үлкен адамның ағзасы 65 пайыз судан тұрады. Адам тамақсыз бірнеше апта шыдағанымен, сусыз 3-4 күн ғана өмір сүре алады. Кез келген адам күніне кемінде 2 литрдей сұйықтық қабылдауы керек. Алайда қазіргі кезде көбіміз судан гөрі шырын, газдалған сусындарды, кофе, шай секілді сұйықтықтарды жиі ішеміз. Жалпы, біз, диетологтер, сусындардың пайдасы мен зиянына қарай оларды бірнеше топқа бөлеміз. Ағзаға пайдалылығы жағынан суға жетері жоқ. Ал шай, кофе, шырын, энергетикалық, алкогольдық сусындарды аз мөлшерде пайдаланған жөн. Әсіресе тәтті жеміс шырындары адамның күнделікті қалыпты колориясын түгел қамтып кетеді. Өйткені шырын құрамында 2 мыңға жуық колория бар және шырын шөлді қандырмайды. Ал суды тамақтың алдында ішкен жөн. Сондай-ақ таза суды бірден көп мөлшерде емес, әрбір он-он бес минут сайын бірнеше ұрттамнан ішкеннің пайдасы зор.