Күлкi күнi қайдан шықты?
Неге 1 сәуiр «күлкi күнi» деген көңiлдi атқа ие болды екен? Күлкi күнiн тойлау қай кезден бастау алған?
Әлия ЖЫЛҚЫБАЙҚЫЗЫ, Есiк қаласы
Күлкi күнi нақты қай кезден бастап қалыптасқаны туралы бiрнеше болжам бар. Бұл көңiлдi мерекенi тойлау ежелгi Римнен бастау алады екен. Римдiктер ақпанның ортасында ақымақтар мерекесiн тойлайтын болған. Тағы бiр болжамға сүйенсек, күлкi күнi алғаш рет Үндiстанда мерекеленген. Үндiстанда 31 наурыз күнi бiр-бiрiмен әзiлдесу дәстүрге айналған. Ал ирландықтар 1 сәуiрде жаңа жылдың құрметiне әзiл-қалжың көп айтады екен. 1 сәуiр бiрқатар елдерде күлкi күнi деп аталса, Франция, Англия, Америкада бұл – ақымақтар күнi, Испанияда – дөрекiлер, Үндiстанда – тоқылдақ, Жапонияда – қуыршақтар күнi, Шотландияда тепкi күнi деп аталады. Бұл күнi әркiм таныстарына арқасына байқатпай «менi теп» деген қағаздар қыстырады да, оны әбден сырттай күлкiге айналдыратын болған. Адамдарды күлдiрiп, қуанышқа бөлейтiн және бiреудi алдап немесе аямай алданып, күлкiге қалатын күн ресми мереке болмағанымен, бұл күнгi қалжыңға ешкiм ренжiмейдi. Дерек көздерiне сүйенсек, дүниежүзiндегi адамдардың 70 пайызы дәл осы күнi бiрiн-бiрi алдап, қалжыңдасып, күлкiге кенелтуге тырысады екен.