Көрме Астанаға арналады
Менің сурет өнеріне деген қызығушылығым көп. Біраз күннен соң Астанада үлкен бір көрме өтеді деп естіп едім. Оған кімдер қатыса алады?
Ғалым Нұрлыбекұлы, Талдықорған қаласы
Осы аптаның жұма күні елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығының мұражайында Қазақстан суретшілерінің көрмесі ашылады. Көрме жұмысы бір айға жуық жүргізілетін болады. Мұндай көрмелерге қатысу үшін суретшінің жасына шек қойылмайды. Тек көрмеге ұсынылатын туындыларыңыз ұйымдастырушылар тарапынан мақұлданып, қабылданса болғаны. Жалпы, аталған көрмеге Қазақстан суретшілерінің азат елдің дамуы мен ұлттың мәдениеті жайлы шығармалары енгізілді. Келушілер бейнелеу өнерінде буыны қатып үлгермеген жас суретшілер мен өз ісінің хас шеберлерінің ұлттық тақырыптағы еңбектерімен таныса алады. Осынау мәдени-көпшілік шараны еліміздің Мәдениет министрлігі, Президенттік мәдениет орталығы және Қазақстан суретшілер одағы бірлесіп ұйымдастырмақ. Көрме жұмысы негізінен «Кескіндеме», «Мүсін», «Графика», «Тоқыма», «Зергерлік бұйымдар» атты бірнеше бөлімдерден тұратын болады. Келушілер назарына бейнелеу және қолданбалы өнер жанрының әртүрлі бағытымен жұмыс істейтін 72 суретшінің 150-ге жуық шығармалары ұсынылады. Атап айтқанда, А.Дүзелхан, Н.Қарымсақов, А.Абдрашитов, Т.Әбуов, К.Ақашев, Б.Түлешева сынды талантты суретшілердің еңбектері көрермендер ықыласына бөленбек. Көрме барысында авторлармен өзара пікір алмасып, еркін сұхбаттасуға, бейнелеу өнеріне қызығушы жастарға шеберлерден «мастер-класс» алуға мүмкіндіктер болмақ.