Консулдың құзыры қандай?
Консул немен айналысады? Оның құзырына қандай міндеттер жатады? Консул қандай кластарға бөлінеді?
Ақтоты Көшекбаева, Алматы
Консул (лат. сonsul) – басқа мемлекетте белгілі бір міндеттерді (өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңды және экономикалық мүдделерін қорғау істерін) орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған лауазымды адам. Консулды тағайындаған мемлекет оған жеке басын куәландыратын патент береді және ол өзі қызметке келген мемлекеттің рұқсатынан (экзекватура) кейін ғана міндетіне кіріседі. Консул тағайындалған елінде өз мемлекетінің заңды тұлғалары мен жекелеген азаматтарының экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғайды, төлқұжаттар мен кіру-шығу рұқсатнамаларын береді, нотариалдық қызметтер т.б. атқарады. Консулдық мекеме басшылары өздері басқаратын консулдықтың класына қарай бас консул, консул, вице-консул, консулдық агенті болып төртке бөлінеді. Қазақстан консулдары өз қызметінде ҚР Конституциясын, ҚР заңдарын, Үкімет қаулыларын, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді, сондай-ақ халықаралық рәсімдерді басшылыққа алады. Шетел консулдарының еліміздегі қызметіне кірісуіне рұқсат беру тәртібі және олардың құқықтары, пайдаланатын жеңілдіктері мен иммунитеті «Қазақстандағы басқа мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық өкілдері туралы ереже» бойынша жүзеге асырылады. Кез келген елдегі консулдық қызметке СІМ консулдық қызмет департаменті жетекшілік етеді.