Конституцияның түрлері қандай?
Осы дүниежүзінде конституцияның түрлері көп деседі. Конституцияның қандай түрлері бар?
Сабина, Алматы облысы
Формасына қарай конституция – жазылған және жазылмаған деп, сондай-ақ өзгерістер енгізу тәсіліне қарай икемді және қатаң болып бөлінеді. Конституцияны айқындауға тиісті мәселелер жекелеген бірнеше заңнамалық актімен реттелетін болса, ол сараланбаған конституция болып табылады. Ал сараланған конституция – конституциялық сипаттағы барлық негізгі мәселені реттейтін бірыңғай құқықтық акт. Сараланбаған конституциялары қабылданған елдер қатарына Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Израиль мемлекеттерін жатқызуға болады. Конституциялар қабылдану тәсілі жағынан сыйланған, халықтық болып жіктеледі. Сыйға тартылған конституцияның мысалы ретінде Ресей императорының 1906 жылы қабылдаған актісін айтуға болады. Ал халықтық конституция референдум, парламент, жоғары орган, құрылтай жиналысы, конституциялық жиналыс арқылы қабылдануы мүмкін. Қазіргі уақатта Парсы шығанағындағы кейбір абсолютті монархиялық елдерде (Сауд Арабиясында, Оманда) конституция жоқ, оның орнына қасиетті «Құран» кітабы қолданылады. Болжамды қолданылу мерзіміне қарай конституция тұрақты және уақытша конституцияларға бөлінеді. Тұрақты конституцияда алдын ала оның қолданылу мерзімі көрсетілмейді. Ал уақытша конституциялар елдің түпкілікті конституциялық құрылымын әзірлеу қажет болатын кезеңде қабылданады. Уақытша конституция құрылтай жиналысын шақырмай-ақ немесе референдум өткізбей-ақ қабылдана береді. Ондай жағдай 1991 жылы – Таиландта және 1985 жылы Суданда болған. Сол сияқты Оңтүстік Африка Республикасында 1994 жылы уақытша конституция кабылданып, кейіннен бұл 1996 жылы тұрақты конституцияға алмастырылған.