Колледж мұғаліміне қай санат бойынша жалақы төленеді?
Мен таяуда колледжге оқытушы болып жұмысқа кірдім. Білімім жоғары. Менің білгім келгені, колледж мұғалімдеріне қай санат бойынша жалақы төленеді?
Мамыр КӘРІБАЕВ, Көкшетау қаласы
Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысымен (бұдан әрі – Қаулы) реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулыға 1-қосымшамен бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, ЖОО және орта кәсiптiк оқу орнының оқытушысына еңбекақы төлеу G-7 санаты бойынша жүргізіледі.
Бүгінгі күнге БЛЖ мөлшері 17 697 теңгені құрайды.
ЛЖ есептеуде колданылатын коэффициенттер Қаулыға 2-қосымшамен бекітілген.