Шымкентте грек-рим күресінен ірі халықаралық турнир басталды. «Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай құрамалары бірінші нөмірлі балуандарын әкеліпті» деп естідім. Ал біздің құрама бозкілемге Лондон Олимпиадасына баратын балуандарымызды шығара ма екен? «Жарысқа темір тұлпар да тігіледі екен» деген сөз рас па?
Серік Қ., Шымкент қаласы
Шымкент бозкілемінде біздің елдің намысын Лондон Олимпиадасына жолдама алған төрт балуанымыз қорғайды. Атап айтқанда, 120 келідегі Нұрмахан Тінәлиев, 84 келідегі Даниал Гаджиев, 74 келідегі Асхат Ділмұхамедов және Дархан Баяхметов. Дархан Баяхметов бұл жолы 74 келі салмақ дәрежесінде белдеспек. Қалғандары өз салмақтарында бақ сынайды.
Сонымен қатар биылғы ел чемпиондары Эльдар Қайратов (66 келі) пен Саят Сарманбеков (84 келі) өз мүмкіншіліктерін паш етеді. Негізі, бұл турнирде еліміздің барлық аймағынан келген жас балуандарға мол мүмкіндік беріліп отыр.
Ұлттық құрама бас бапкері Мұратбек Қасымханов: «Мен әлем кубогына бармай, осы турнирде жігіттердің аяқ алысын байқаймын. Кімге не жетіспейді – соны анықтап алу керек. Осы турнирден кейін Түркияда жаттығу жиынын өткіземіз. Олимпиадаға соңғы дайындықты Алматы маңында «Тау самалы» кешенінде өткіземіз», – деді.
Аталмыш турнирдің тағы бір ерекшелігі, барлық жеті салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесулер бүгін, яғни 19 мамырда өтеді. Ал ертең бас жүлдеге тігілген екі темір тұлпар сарапқа салынады. Бір темір тұлпар 55 келі салмақта чемпион атанған балуанға беріледі. Себебі бұл турнир ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мардан Сапарбаевты еске түсіруге арналып отыр. Ал Мардан Сапарбаев кезінде жеңіл салмақта белдескендіктен, 55 келіге бас жүлде тігіліп отыр. Ал 84 пен 120 келі салмақ дәрежелерінде топ жарып, жүлдеге ілінгендер абсолютті салмақта тағы бір темір тұлпарды сарапқа салады. Мұндай турнир грек-рим күресінің балуандары арасында тұңғыш рет өтіп отыр.
«Классиктер» де темір тұлпар үшін күреседі
Последние статьи автора