Кітапханашылардың жалақысы өсе ме?
Соңғы жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық жалақысы кезең-кезеңмен өсіп келеді. Алайда кітапханашылардың жалақысын өсіру туралы сөзді ести бермейміз. Таяуда «биылғы жылы кітапханашылардың жалақысы өсетін болды» деп естідім. Осы жайлы толығырақ мәлімет берсеңіздер екен.
Айымгүл ЫСҚАҚОВА, Алматы облысы
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы жұмыс тобы кітапханашылардың жалақысын елеулі түрде көтеруге мүмкіндік беретін түзетулер әзірлеп жатқан көрінеді. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің ҚР ұлттық кітапханасындағы көшпелі отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім еткен.
«Кітапханашылар басқа салаларға жұмыс істеуге кетіп жатыр. Себеп – жалақының төмендігі. Аудандық кітапханаларда жалақы 38 мың теңгеден 46 мың теңгеге дейін, облыстық кітапханаларда 48 мың теңгеден 52 мың теңгеге дейін», – деді Ж. Құрманғалиева. Оның айтуынша, қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы жұмыс тобы кітапхана қызметкерлерінің жалақысын көтеруге мүмкіндік беретін түзетулер әзірлеп жатыр. Бұл құжат қабылданғаннан кейін мәдениет саласы қызметкерлеріне жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп, жалақы көлемі 34 - 60%-ға көтеріледі.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, бүгінгі таңда республика бойынша 4136 кітапхана жұмыс жүргізеді. Кітапханасы жоқ елді мекендерде 1100 кітапхана пункті және 354 көшпелі кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Кітапхана саласында барлығы 9 мыңнан аса адам қызмет атқарады.
Еліміз кітапханаларының кітап қоры 71 млн 306,7 мың дананы құрайды, соның 20 мыңы (28,1%) – мемлекеттік тілдегі кітаптар.
Оқырмандардың жалпы саны – 4 млн 310 мың адам, соның 34,9%-ы – балалар.