Кез келген ғарышкердің ғарышпен байланысты науқасы болады
Ғарышкерлердің денсаулығы жайлы білуге бола ма? Олар ғарышта жүрген кезде ауырмай ма?
Сәттар Әпсалям, Орал қаласы
Кез келген ғарышкердің ғарышпен байланысты науқасы болады. Көбіне ол бас ауруы және аяқ қимылында проблема болатын симптом сипатында көрініс табады. Ғарыш кеңістігінде ғарышкер денесі қалықтап, салмақсыздық күйге көшкенде оның денесіндегі барлық сұйықтық жоғарыға көтеріледі. Соның салдарынан мұрын бітеліп, бет күп болып ісіп кетеді. Ал сүйектерден уақыт өткен сайын кальций шайыла бастайды, бүйрек қызметі де бұзылады. Бұлшықеттер жиырылып, ол асқазанның тез жұмыс істеуіне және жүректің қағуына әкеліп соғады. Дене ісініп, асқазан қызметі бұзылады. Бой да ұзарып кетеді, өйткені қан қысымы төмендеп, салмақсыздық күйде ол омыртқаға қатты әсер етеді. Бұл симптомдардың бәрі ғарышта жүргендіктен, онша жанға бата қоймайды. Ал Жерге түскен соң, міндетті түрде ем алуға тура келеді. Бұл – жағымсыз жағы. Ал жағымдысы ретінде мына бір мысалды келтіре кетуге болады. 2001 жылғы зерттеу көрсеткендей, үйде ұйықтаған кезде қорылдайтын ғарышкерлер ғарышқа шыққанда ондай жағымсыз әдеттен «айығып» шыға келеді екен.