Кесененің жағдайы шынымен қиын ба?
Еліміздегі ең көне тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүгінгі жағдайы соңғы кезде көп сөз болып жүр. Тіпті кейбір мәліметтерде «кесене бүлініп жатыр, құлаудың аз-ақ алдында тұр» деп айтылады. Шынымен де, кесененің жағдайы қалай болып жатыр?
Ғани МЫРЗАБЕКҰЛЫ, Қапшағай
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жантемір Әлімов «Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне шұғыл жөндеу жұмыстары қажет» деп мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, тарихи жәдігердің бүгінгі жағдайы мәз еместігін еліміздегі және Ресейдегі бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының тұжырымдамалары айғақтап отыр. «600 жылдан астам тарихы бар кесененің алыстан еш міні білінбегенімен, құлайын деп тұрған кірпіштері мен қабырғадан ажырауға таяу плиткалары жанынан анық байқалады» дейді қоғамдық бірлестік төрағасы. Ол сондай-ақ бұған тарихи құнды ескерткіштің жасы ғана емес, «осыдан 13 жыл бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстары қатты әсер етті» деп есептейді. Сапасыз жұмыстардың салдарынан кесенедегі желдеткіш шахталар, жарық түсетін саңылаулар, есіктер жабылып қалған, ауа айналымы жоқ. Ылғалдың көбеюінен кірпіштердің арасындағы қоспа ыдырауға таяу көрінеді. Қайта қалпына келтіру мақсатында мамандар көне асхананың бөлігін бұзуға мәжбүр.