Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Наурыз мерекесінің аталып өткені рас па?
Наурыз мерекесіне Кеңес өкіметі 1926 жылы тыйым салған. Ал осыған дейін, яғни Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өткен бе? Сонымен қатар Наурыз мерекесі қашан ресми мейрам болып бекігенін білгім келеді.
Нұрдәулет, Солтүстік Қазақстан облысы
Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі тоғыз жыл бойы Қазақстанда Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өткені рас. Бірақ 1926 жылы бұл мейрамға «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деген баға беріліп, тыйым салынған. Десек те, ресми күші болмағанымен, қазақ халқы сол дәуірдің өзінде төл мерекесін отбасылық мейрам ретінде жасырын түрде тойлағанын айта кеткен жөн. Ал жалпы ұлттық мейрам ретінде 1988 жылдан бастап аталып өтіле бастады. 1991 жылдың 15 наурыз күні Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми мереке болып жарияланған-ды. Ал 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес, 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні деп қабылдаған.