Қазіргі Ресейдің ғана халық саны – 142 миллионға, ал Украинанікі 46 миллионға жуықтайды. Сонда Кеңес Одағының жалпы халық саны қанша болды?
Нұрболат ӘЛІМҒАЗЫ, Алматы облысы
КСРО-ның алғашқы санағы 1926 жылы өткен болатын. Бұл санақ бойынша, Кеңес Одағының халық саны 147 млн адамды құрайтыны анықталды. Ал келесі он жылдан кейін бұл көрсеткіш 15 миллионға артыпты. 1940 жылы КСРО-ның құрамына Батыс Белоруссия, Батыс Украина және Балтық бойы елдері еніп, халық саны біршама артқан еді, алайда артынша Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қайтадан кері қарай құлдилады. Соғыс жағдайына байланысты санақ жүргізілмей, нақты есеп белгісіз болып қалды. 1959 жылы КСРО-ның халық саны – 209 млн адамға, 1970 жылы 241 млн адамға жетті. 1985 жылғы бүкілкеңестік санақ КСРО-да 272 млн адам бар екенін көрсетті. Ал Кеңес Одағының ыдырауы алдында ғана, яғни 1991 жылы жүргізілген санақ қорытындысы бойынша, КСРО-ның халық саны 293 миллионнан асып жығылды.