<Біздің халқымыздың ділінде (менталитет) жамандықты жасырып, жақсылықты асыру бар. Ол әрине, жақсы қасиет. Алайда жамандықты қанша жасырса да, ененің кесірінен ажырасып жатқан отбасы аз емес. Бірақ енелер түзелмейді, "жасым үлкен, менікі дұрыс" деген сылтаумен өз қателіктерін мойындамайды. Сол себептен қаласа да, қаламаса да енесі екеуінің арасындағы қарым-қатынасты жақсарту келінге жүктеледі. Әрине, ажырасып кеткісі келмесе...
⭐ 1. Жағымпазданбаңыз
Жас келіндердің ең бірінші жіберетін қателігі − енесіне жағымпаздану. Көп жағдайда олар енесіне жақсы болып көріну үшін, өзіне ұнасын-ұнамасын, айтқанымен келісе береді. Сөйтіп уақыт өте ішінде наразылық, келіспеушілік, реніш сезімдері ұялайды. Сыртқа шыға алмай жүрген сезімдер кейінгі қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды. Күндердің бір күнінде олар жанартау сияқты жарылуы мүмкін. Бұл енеге де, келінге де жақсы әсер етпейді. Керісінше өз келінін әрдайым жуас адам ретінде қабылдап үйренген ене, оны шын мәнінде екі жүзді екен деп ойлайды. Сондықтан жаңа босағаны аттағаннан кейін-ақ, енені жағымпазданбай сыйлап үйренген абзал.
⭐ 2. Өз ойыңызды ашық айтып үйреніңіз
Келіндердің келесі қателігі − өз ойын енесіне айта алмау. Айтқанның өзінде де, дұрыс жеткізе алмау. Бұл − ененің алдындағы сыйластық емес, қорқыныш сезімі. Енесін ренжітіп алу қорқынышы, сол үшін күйеуінен сөз есту қорқынышы. Одан да үндемей жүре берген артық. Алайда мұндай әдістің өзіндік қаупі бар: өзінің ойын айта алмағаны үшін, келін өзін емес, енесін іштей кінәлай бастайды. "Мен сенбі күні төркініме барып келейін деп едім, бірақ айтсам, жібермейді. Не деген қатігез адам. Ол да келін болды ғой. Неге ол мені түсінбейді?" деп, іштей енесінің орнына шешім қабылдайды. Ал шын мәнінде, өз жоспарын алдын ала енесіне айтып қойса, бір рет жібермесе де, екінші рет ұялғаннан болсын, енесі оны төркініне жібереді. Бар болғаны ененің орнына шешім қабылдамай, өз ойын айтып үйрену керек.
⭐ 3. Қорықпаңыз
Қазақтың келіндері жуас келеді. Өзінен үлкенді құдайындай сыйлайтыны рас. Бірақ енесіне келгенде, кейде сыйластық пен қорқыныш сезімін ажырата алмай қалады. Неден қорқатынын өзі де білмейді. Ене − екінші ана болса, анасынан кім қорқады? Ене он жерден қатал адам болса да, келіннің басын кесіп алмайды. Осы сөзді келіндер өздеріне жиі айтса, нұр үстіне нұр болар еді.
⭐ 4. Өзіңізді-өзіңіз сыйлаңыз
"Бұл кеңестің ене мен келін қарым-қатынасына не қатысы бар?" деген сұрақ тууы мүмкін. Алайда мәселенің барлығы осы жерде жатыр. Келіндеріне қол көтеретін енелер жоқ емес. Соларды мысал ретінде алатын болсақ, мұндай қарым-қатынасқа шыдап жүрген келіндер өз-өздерін қор қылады. Өзіне қол жұмсатуға рұқсат беретін келіндерді сыйлап не керек? Енені сыйлау − келіннің өзін-өзі сыйламауы емес.
⭐ 5. Түпкі мақсатыңызды ұмытпаңыз
Әр келіннің түпкі мақсаты − өз отбасын сақтап қалу. Кез-келген мәселені осы мақсаттың призмасы арқылы шешіп үйреніңіз. Мысалы, сіз ыдысты жуғаннан кейін кеселерді сөреге бірден қоясыз, ал енеңіз суы ақсын деп төңкеріп қояды. Содан түсініспеушілік туады. Сондай кезде "бұл кеселердің менің отбасыма қандай қатысы бар?" деп өзіңізге сұрақ қойсаңыз, мәселе өзі-ақ шешілмейді ме? Төңкере салыңыз − бұл қиын емес. Ал егер енеңіз күйеуіңіз екеуіңіздің араңызға кірісе беретін болса, бұл сіздің түпкі мақсатыңызға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Бұл жерде "кесені төңкере салуға" болмайды.
⭐ 6. Күйеуіңізді ұмытпаңыз
Енесіне жағамын деп, оның қабағына қарап отырған келіндер өз күйеуін ұмытып кетеді. Бұл − зор қателік. Келін тек екінші кезекте келін. Бірінші кезекте, ол − өз ерінің әйелі. Бастысы, күйеуімен қарым-қатынасын нығайту керек. Ия, көп отбасында күйеуіне қарағанда шешімді енелер қабылдайды, нағыз үйдің қожайыны еркек емес, әйел адам болады. Бірақ сонда да, келіннің бірінші міндеті − ерінің оған риза болуы. Күйеуі мен әйелінің арасы мықты отбасын ешбір ене ажырата алмайды. Ақылды енелер ұлының бақытты екенін көріп, келініне тиісуді қояды.
⭐ 7. Енені адам, ана ретінде сыйлап үйреніңіз
Ене қандай адам болмасын, оны сыйлау керек. Адам ретінде. Ана ретінде. Жаратқан Алла оған қанша уақыт жібергенін ешкім білмейді. Енеңізбен бірге тұрсаңыз, ол қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Сол кішігірім уақытта оған неғұрлым көп сыйластық сезімін сыйласаңыз, одан ұтылмайсыз. Бірақ жоғарыда айтылып кеткендей, тек өзін адам ретінде сыйлай білетін келін, енесін адам ретінде сыйлай біледі. Қалған жағдайда ол жағымпаздық, қорқыныш, т.б. сезімдер. Оның саыйластықпен еш қатысы жоқ.