Кәсіби мерекелер күні жұмысшылар демала ма?
Бұрындары қыркүйек айының бірінші жексенбісін мұнайшылар күні деп есептейтін сияқты еді. Жақында интернеттен «15 қараша – мұнайшылар күні» дегенді көзім шалды. Арнайы мереке күні белгіленген болса, сол күні мұнайшыларға демалыс бере ме?
Тарғын ТОРЛЫТАЕВ, Атырау қаласы
Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы ҚР Президентiнiң 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына сәйкес, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Кәсіби мерекелерді атап өту – қазақстандық патриотизм мен кәсiптiк мақтанышты, сондай-ақ жалпы адамзаттық ынтымақтастықты тәрбиелеу мақсатын көздейді. Бірақ кәсіби мерекелер күні жұмысшылар демалмайды. Себебі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 267-ІІ Заңының 5-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес, мереке күндері деп танылады. Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер жұмыс істемейтін күндер болып табылады. Аталған заңға сәйкес, Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке болып 16-17 желтоқсанда атап өтілетін 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні болып табылады. Ал мемлекеттік мерекелерге: 1-2 қаңтар – Жаңа жыл; 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні; 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы; 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі; 9 мамыр – Жеңіс күні; 6 шілде – Астана күні; 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні жатады.