Кәмелетке толмаған бала жұмыс істеуге құқылы ма?
Балам әлі кәмелеттік жасқа толған жоқ, жасы 14-те, мектепте оқиды. Бірақ отбасы жағдайына байланысты сабағынан тыс уақытта жұмыс істегісі келеді. Біз рұқсат беріп отырмыз. Оның мұндай жаста жұмыс істеуіне құқығы бар ма?
Төлеуғайша, Семей қаласы
Балалардың 14 жастан бастап, ата-анасының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсiп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, рухани және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi. Сондай-ақ әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауда да құқықтары бар. 18 жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi, сонымен қатар олардың еңбегiн реттеудiң басқа да ерекшелiктерi ҚР еңбек заңнамасында белгiленедi. Егер сізді қосымша баланың еңбек бостандығына қатысты құқықтары қызықтырса, 2002 жылдың 8 тамызында қабылданған ҚР Баланың құқықтары туралы №345 Заңының 3-тарауында толығымен көрсетілген.