Кабинет меңгерушісіне қосымша ақы төлене ме?
Өткен айдан бастап мені мектептің компьютерлік кабинет меңгерушісі етіп тағайындады. Осы орайда менің білгім келгені, компьютерлік кабинет меңгерушісіне қосымша ақы төлене ме?
Ақайша ҚОСЖАНОВА, Жамбыл облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысымен (бұдан әрі – Қаулы) айқындалады.
Білім саласының қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы мен үстемеақылар Қаулыға 4-қосымшада белгіленген, оның ішінде компьютер техникасына қызмет көрсету жөніндегі маман лауазымы көзделмеген білім беру мекемелерінде компьютер техникасына қызмет көрсету міндеті жүктелген мұғалімдерге, оқытушыларға немесе басқа қызметкерлерге жұмыс істейтін әрбір компьютер үшін БЛЖ-дан 3,5 %-дан аспайтын мөлшерде қосымша ақы, сонымен бірге, мұғалiмдерге, оқытушыларға, өндiрiстiк оқыту шеберлерiне және оқытушылық қызметтi жүргiзетiн қызметкерлерге, оқыту кабинеттерiн (зертханаларды, шеберханаларды, оқу-консультативтiк пункттердi) меңгергені үшін мектептерде және мектеп-интернаттарында, балалар үйлерiнде БЛЖ-ның 20 пайызы мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.
БЛЖ (базалық лауазымдық жалақы) бүгінгі күні 17 697 теңгені құрайды.