Іссапардың бір күніне ақы төленбейтіні рас па?
Мен орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Біліктілікті арттыру курсына сәуір айында үш күн іссапармен бардым. Бірақ есептеу бөлімі маған тұрғын үй жалдау шығыстары мен тәулiктiк төлемдерді тек екі күнге және бару-келу жол шығынын төлеп отыр. «Неге үш күнге төлемейсіздер?» десем: «Жаңа ереже бойынша бір күн қысқартылады», – дейді. Есепшінің осы уәжі заңды ма?
Жаңылай Аймаханова, Оңтүстік Қазақстан облысы
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабына сәйкес, iссапар – жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге белгiлi бiр мерзiмге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу, сондай-ақ қызметкердi басқа жерге оқуға, бiлiктiлiгiн арттыруға немесе қайта даярлауға жiберу.
Кодекстің 152-бабына сәйкес іссапар уақытында қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы сақталады.
Іссапарларға жiберiлетiн қызметкерлерге:
1) қызметтiк iссапарда, оның iшiнде жолда болған күнтiзбелiк күндерi үшiн тәулiктiк төлемдер;
2) баратын жерiне дейiнгi және керi қайтудағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй жалдау шығыстары төленедi.
Қызметкерлердi iссапарларға жiберудiң талаптары мен мерзiмдерi еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады.
Мемлекеттік мекемелерде іссапар шығыстарды төлеу тәртібі «Мемлекеттiк бюджеттiк есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 қаулысымен бекітілген.