Іс жүргізушінің жоғары білімі ескеріле ме?
Мен бір мекемеге іс жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Бұрынғы іс жүргізушіге G-14 санаты бойынша еңбекақы төленіп келген екен. Бірақ оның білімі орта болған. Менің білгім келгені, маған ақы қай санат бойынша төленеді және жоғары білімім ескеріле ме?
ДИНАРА, Алматы қаласы
Сарапшы маманның айтуына қарағанда, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі. Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына қарай лауазымдық жалақыларын есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулымен бекітілген Азаматтық қызметшілердің санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, техникалық орындаушыларға, соның ішінде іс жүргізушіге еңбекақы төлеу G-14 санаты бойынша жүргізіледі.
Лауазымдық жалақыны есептеуде қолданылатын коэффициенттер Қаулыға 2-қосымшамен бекітілген. Бүгінгі күні БЛЖ мөлшері 17 697 теңгені құрайды.
Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығына сәйкес, іс жүргізушінің біліктілігіне қойылатын талаптар: жұмыс өтілін талап етпей, бастауыш және орта кәсіби білім немесе жалпы (толық) орта білім және белгілі бағдарлама бойынша арнайы дайындық. Яғни аталған лауазым жоғары білім болғанын талап етпейді.