Ас – адамның арқауы. Адам баласы қаншалықты дұрыс тамақтанса, оның денсаулығы да ауру-сырқауға төтеп беруге қабілетті болатыны анық. Сонымен қатар, адам бойында күйзеліс, шаршаңқылық, әлсіздік пайда болуы көп жағдайда жеген тамаққа байланысты дейді кей зерттеушілер. Дұрыс тамақтанудың негізгі қағидалары, артық салмақтан арылудың қыр-сыры, қаншалықты жиі тамақтанған дұрыс екені жайында медицина ғылымдарының докторы, «Астана медицина университеті» АҚ Спорттық медицина курсы бар профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасының профессоры, диетолог дәрігер Наталья Сливкинамен Baq.kz тілшісі сұхбаттасты.
- Наталья Владимировна, қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде тұнып тұрған қоспалар, консерванттар, бояғыштардан бас тартып, тек табиғи өнімді тұтыну арқылы дұрыс тамақтануды қолға алған жандарға ең алдымен қандай азық-түлік түріне тоқталуға кеңес берер едіңіз?
- Біріншіден, денсаулығын түзетуге бет алып, салауатты өмір салтын ұстанғысы келетіндердің тек дұрыс тамақтану нәтижесінде денсаулығын 100% жақсарта аламын деп күтуі қателік. Себебі, дұрыс тамақтанумен қатар белсенді қимыл-қозғалыс жайында да ұмытпау керек. Бұл екеуін әркез бірге қарастыру керек. Ия, сіз дұрыс айтасыз, бүгінде консерванттар мен бояғыш секілді зиянды заттар тағам құрамында өте көп. Егер, ХІХ ғасырда инфекциясыз аурулар көп болып, пандемия салдарынан бүкіл бір қауым ел опат болып жатса, қазір жүрек-қан тамырларының ауруы, өт-тас ауруы, қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы, онкология секілді аурулар қатты көбейген. Себебі, бұл аурулардың туындау жағдайларының 80%-ы біздің тамақтануымызға байланысты пайда болып отыр.
Дұрыс тамақтану үшін нақты мына тағамдарды тұтыну қажет деп кесіп айтуға болмайды. Мойындау керек, жоғарыда аталған қоспаларды мүлдем тұтынбай да өмір сүре алмаймыз. Себебі, ондай тағамдар арзан. Халық саны күннен-күнге өсіп келе жатқандықтан, мемлекет те тауар өндіру барысында әлгі қоспаларды қосуға мәжбүр. Себебі, көп жағдайда бұл азық-түліктің ұзақ сақталуын кепілдендіреді. Сондықтан, мұндай қоспаларды түгел тыю мүмкін емес, ең құрығанда олардың тұтыну мөлшерін мейлінше азайту қажет. Ең алдымен, фаст-фуд тағамдарынан, маринадталған, тұздалған тағамдардан біржола бас тарту керек. Оның орнына қарапайым тағамдардан сорпа әзірлеп ішу әлдеқайда пайдалы. Дұрыс тамақтану жолындағы ең таптырмас тағам түрі – бұл көмірсуға бай жармалар.
- Алайда, кей диетолог мамандар арықтағысы келетін адамдар диета кезінде жарманы аузына татып алмауы керек деп санайды. Бұл жөнінде не айтасыз?
- Әрине, артық салмақтан арыламын деп бір ғана жармамен тамақтануға болмайды. Жалпы, ешқандай кәсіби диетолог бір ғана тағам түрін тұтынуға кеңес бермейді. Тіпті, толық адамның өзі арықтағысы келсе, ол бәрібір белгілі бір мөлшерде көмірсу тұтынуы керек. Жармалардан әзірленген ботқа түрлерін барынша түрлендіріп, алмастырып отыру керек.
Қазіргі уақытта Интернетте артық салмақтан арылу, дұрыс тамақтану жөнінде кеңестер шұбырып жүр. Көп адам оның дұрыс-бұрыстығын аса зерттемей жатып, сол кеңестердің негізінде мүсінін қалпына келтіруге тырысады. Олар қарапайым ғана тамақ қорытылуының механизмін де дұрыс біле бермейді. Егер, арықтағыңыз келсе, аз мөлшерде тамақтану керек. Бірақ, бұл майлар мен көмірсулардан біржола бас тарту деген сөз емес. Жоғарыда атап өткенімдей, Интернетте «ананы мүлде болмайды, мынаны жеме» деген сияқты қатаң шектеулер көп. Бұл үлкен қателік және ол адам денсаулығына үлкен зиянын тигізеді.
- Қазіргі қоғамда күніне үш рет тамақтану әдетке айналған: таңғы, түскі және кешкі ас. Осыған қатысты кей мамандар адам күніне бес рет тамақтануы керек деп дабыл қағуда. Сіз не дейсіз? Бұл асқазан үшін тым үлкен жүктеме болмайды ма?
- Дұрыс тамақтану жағынан қарайтын болсақ, күніне 3-6 рет тамақтанудың еш сөкеттігі жоқ. Бұл жерде әр адамның ас қорытуы, күні бойы белсенділік деңгейі секілді факторлар да есепке алынады. Егер, сіз деніңіз сау адам бола тұрып, күніне үш рет тамақтанып үйренген болсаңыз, тіптен тамаша, осылай жалғастыра беруге еш кедергі жоқ. Әрине, дискинезия, диабет, панкреатит секілді аурулар кезінде аз мөлшерде жиі тамақтануға кеңес беріледі. Жаңа айтқанымдай, қатып қалған шектеу жоқ, себебі, әр адам баласы әртүрлі ғой, оның өмір сүру қалпы да әртүрлі. Осы тұста айта кететін бір жайт, ара-тұра асқазанға түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп тұрған дұрыс. Яғни, бұл бір күн тек жеңіл тамақтармен ғана шектелу деген сөз. Мұсылмандардың отыз күн ораза ұстауын да асқазанды жүктемеден арылтуға мысал етсе болады.
- Ал, тұқымы бойынша семіздікке бейім адамдардың артық салмақтан арылуы мүмкін бе?
- Дұрыс тамақтанып, көп қимылдап, тынбай еңбектенетін болса, әрине мүмкін. Бәлкім, 90х60х90 шегіндегі мүсінге қол жеткізбейтін шығар, бірақ, семіздіктен арылуы әбден болады. Семіздікке бейім адамдар өмір бойы диета ұстап, аузын қажетті уақытта тыйып үйренуі керек. Сонымен қатар, мұндай семіз адамдардан сәби дүниеге келген кезде, ол баланың да қажетті мөлшерде ғана тамақ тұтынуын қарастыруы керек. Бұл семіздіктің алдын алу болып саналады. Себебі, тұқымында толық болу бейімділігі бар болса, оны жоққа шығара алмайсыз, онымен күресу керек. Бұл бала кезден қолға алынса, ол адам семіздікке душар болмайды.
- Дұрыс тамақтануды насихаттаушылар қанттан мүлде бас тарту қажет деп санайды. Сондықтан, көп адамдар құрамында қанты бар тағамды қантсыз өнімге алмастыруға мәжбүр. Ал бұл олардың қант диабеті диагнозы бар адамдарға арналған тағам түрлерін таңдауына алып келуде. Бұл қаншалықты дұрыс?
- Қант диабеті ауруына шалдыққандарға ұсынылатын тағамдардың гликимиялық индексі өте төмен болады. Яғни, олар ағзадағы қантты мейлінше баяу арттырады. Қант – оңай қолжетімді көмірсу көзі болып табылады. Сондықтан, ол да ағзаға қажет. Әрине, қант диабеті, семіздікке душар болған адамдар қантты аса үлкен мұқияттылықпен тұтынуы қажет. Жалпы, бұл мәселені қантты қандай мөлшерде тұтынған дұрыс деп қарастырған жөн сияқты. Егер, ерік күші мықты болса, қанттан мүлде бас тартуға да болады. Бірақ, күніне бір-екі қасық қант жесеңіз, онда одан айтарлықтай зиян бола қоймайды. Жалпы, қандай да бір шектеумен өмір сүруге болмайды, бұл адамның жүйке жүйесіне үлкен күйзеліс әкеледі.
Өзіңіз айтқандай, интернетте бүгінгі таңда «аптасына 5 кг-ға арықтайсыз» немесе «бір айда 30 кг артық салмақтан арыласыз» деген жарнама көп. Бұл өте зиян. Бұлай арықтау да мүмкін емес. Дұрыс арықтау – бір аптада 400-500 грамнан арылу, яғни, айына 2 кг-ға арықтау. Бұл ағзаға ешқандай зиян келтірмейді, жүйке жүйеңізге кері әсер етпейді, ағзаның зат айналымын да бұзбайды. Әрине, қаласа күніне бір рет фастфуд жеп те арықтай алады. Бірақ, оның адам денсаулығына тигізетін зияны ұшан-теңіз және оның кері салдары көп күттірмей-ақ шыға бастайды.
- Дұрыс тамақтану – жастықтың кепілі дегенмен келісесіз бе?
- Әрине, дұрыс тамақтану – сұлулық пен жастықты сақтап қалу кепілі болып табылады. Бұған бір ғана мысал ретінде америкалық азамат Пол Брэггті айтсам да жеткілікті болар. Ал, диетолог ретінде консерванттарды табиғи өнімге алмастыруға ниеттенген адамдарға тамақ түрлерінен бөлек қосымша кеңес берер болсам, тамақтанудың белгілі бір тәртібін ұстап тұру қажет. Яғни, тұрақтылық. Бір күн аш жүріп, екінші күні тоя тамақ жеу дұрыс емес. Сол сияқты, тамақтану кезінде асықпай, тамақты ұзақ шайнау керек. Біз баяу тамақтанатын болсақ, шамадан тыс тамақ жеп қою қаупі болмайды. Теледидар қосып, телефонға үңіліп, кітап оқып, ешқайда алаңдамау керек. Тамақ жеу барысында тек сол тамақты ғана ойлап отыру керек. Майлы тамақтан бас тартуға тура келеді, өз сөлінде піскен тамақ өте пайдалы. Көкөністі көп мөлшерде тұтыну керек.
- Дұрыс тамақтану стандартты тамақтануға қарағанда қымбатқа түседі дегенмен келісесіз бе?
- Егер, дұрыс әдісті қолданса, жоқ, қымбат деп санамаймын. Әрине, дұрыс тамақтануға қатысты интернеттегі ноу-хаудың барлығын пайдаланып, авокадо, теңіз өнімдері секілді тағамдарды сатып алатын болса, онда мұны кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Бірақ, бұл дұрыс тамақтанудың міндетті өнімдері емес қой. Қолда бар қарапайым азық-түлікпен де дұрыс тамақтануға болады. Сондықтан, бастысы ниеттену деп санаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!