Қазір кітаптың түр-түрі бар. Мені қызықтыратыны – интегралды кітап. Оның жай кітаптардан қандай айырмашылығы бар?
Айдос БАҚЫТҰЛЫ, Талдықорған қаласы
Бұл – дамыған заманның жаңа технологиясымен шығарылған FLEX мұқабалы кітап. FLEX, яғни интегралды кітаптың ең басты ерекшелігі – басқа кітаптармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, бірақ сонысына қарамай мықты, оңайлықпен жыртыла қоймайды. Бүгінде мұндай интегралды кітаптың салмағы 160 пен 380 грамм аралығында. Және ең бір айтарлығы – мұндай кітаптар экологиялық тазалығымен де ерекшеленеді, яғни қағазы әбден тазартылған, сондықтан денсаулыққа да зарары жоқ. Кітап шығару ісін осы технологияға көшіру әсіресе балалар үшін өте маңызды. Сондықтан шетелдерде бірінші кезекте мектеп оқулығын, сонан соң көпшілікке арналған кітаптарды да осындай сапаға көшірді десек болғандай.
Біздің елімізде интегралды кітап шығару ісін алғаш қолға алған – «Алматыкiтап» баспасы. Ал жақында «Халықаралық Абай клубының» ұйытқы болуымен шыққан Абайдың үш тілдегі «Қарасөз» кітабы интегралды технологиямен жасалды.