Импакт фактор маңыздылығы
Мен негізі Қазақстан азаматымын. Бірақ Қытай Халық Республикасындағы бір ЖОО-да PhD оқып жатырмын. Олардың білім бері жүйесінің ережесі бойынша диплом алу үшін шетелдік азаматтардан импакт фактор талап етілмейді екен. Отаныма оралған соң сол дипломды нострафикациядан өткізу үшін менен импакт фактор мақаласы талап етіле ме?
Самал Шерубай, Атырау облысынан
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі импакт фактор мақаласының талап етілетіндігін хабарлайды. Ғылыми дәрежесін беру ережесінің 20-тармағы бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың шетелде алған ғылыми дәрежелерінің баламалылығын тану осы ереженің 21, 22-тармақтарында белгіленген тәртіпте өздерінің жеке өтініштері немесе олар жұмыс істейтін ұйымның қолдаухаты бойынша философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерін беру арқылы жүзеге асырылады. Аталған ереженің 21-тармағы бойынша ғылыми дәрежесін шетелде алған Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежелерінде тану рәсімі үш кезеңнен тұрады: 1) ғылыми дәреженің берілгені туралы құжаттың түбірін растау; 2) шетелде меңгерілген кәсіптік білім беру бағдарламаларының қазақстандық докторантураның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін анықтау рәсімдері; 3) диссертацияның осы ереженің 5-8 тармақтарына сәйкестігін сараптау. Ереженің 7-тармағына сәйкес, диссертацияның негізгі мазмұны кем дегенде жеті жарияланымда, оның ішінде комитет ұсынатын ғылыми басылымдарда кем дегенде үшеу, Томсон Рейтер (ISI Web of Knowledge, Thomson Reuters) компаниясының ақпараттық базасының деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторға ие немесе Scopus компаниясының деректер базасына кіретін халықаралық ғылыми журналда біреу, халықаралық конференция материалында – үш, оның ішінде шетелдік конференция материалында бір мақала жариялануы тиіс.