Гүл сыйлау дәстүрі қай кезден бастау алған?

Гүл сыйлау дәстүрі қай кезден бастау алған және ол қазақ жеріне қашан келген?
Дастан Мұқашов, Семей қаласы
Адамдар гүлді алғашқы қола дәуірінде де әсемдік құралы ретінде пайдаланғандығы археологиялық зерттеулер нәтижесінде анық болған. Олар қола дәуіріндегі қорымдарда жүргізген қазба жұмыстар барысында гүлдестелер табиғи заттар мен жануарлардың сүйегімен бірлесіп жасалғанын анықтаған.Табылған заттар ішінде құстың қауырсыны, жыртқыш аңдардың тістері, мүйіздер де болған. Сондай-ақ 1929 жылы жүргізген зерттеулерінде ағылшын археологы Х. Картер перғауын Тутанхамонның қабірінен кеуіп қалған үлкен гүлшоғырын тапқан. Ғалымның айтуынша, гүлдер ұзақ уақыт қабірдің ішінде жатса да, жақсы сақталыпты. Тіпті мамандар олардың қандай гүлдер екенін бірден таныған. Ол гүлдесте гүлкекіре, көкнәр, қара алқашөп өсімдіктерінен жасалған екен. Тарихқа үңілер болсақ, Орта ғасырда Еуропада соғыстан жеңіспен оралған жауынгерлердің жолына гүл лақтыру, жаңа үйленген жастардың алдына раушан гүлінің күлтелерін шашу дәстүрі болған.
Қазақ азаматтары ежелден әйел-қыздарға асыл тастармен көмкерілген алтын, күміс заттар мен бағалы аң терілерін сыйлаған екен. Ал қазақ жеріне гүл сыйлау қай уақытта келгені жайлы нақты дерек жоқ. Алайда кей мамандар «гүл сыйлау орыс мәдениеті арқылы ХХ ғасырдың басында келген», – дейді.





