Грантпен оқыған қай мамандықтың студенттері екі жыл оқу ақысын еңбекпен өтеуге міндеттелетіні айтылды
Мемлекет есебінен педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары еліміздің он бір облысына жұмысқа жіберіледі. Осылайша олар оқу ақысын екі жыл еңбекпен өтеуге міндеттеледі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің арнайы бұйрығында мемлекеттен грант алған жастарды жұмысқа жіберу тәртібінің жаңарғаны туралы жазылған. Яғни, педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алған ауыл жастары Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы елдімекендерде кемінде екі жыл жұмыс істеп, оқу ақысын өтеуі керек.
Одан бөлек, құжатта денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды тәмамдаған жастар кемінде үш жыл білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет етуі керек екені көрсетілген.