Футбол қақпасы қандай болуы керек?
Футбол қақпасының нақты өлшемдерi қандай болуы керек екенiн бiлгiм келедi?
Айтқазы ЖҰМАҒҰЛОВ
Футбол қақпасының өлшемдерiне қойылатын талаптар өте қатаң. Қақпа алаңның екi жағындағы қақпа сызығының бойына, әрi оның қақ ортасына орналасуы керек. Футбол қақпасы екi тiк бағана мен осы екi бағананы қосып тұратын көлденең белтемiрден тұрады. Әрi ол тегiс жерге орналастырылады. Белтемiрдiң орнына арқан немесе жiп қолдануға тыйым салынады. Екi бағананың арасы – 7,32 метр (8 ярд), ал белтемiрдiң астыңғы жақтауы мен жасыл желекке дейiнгi аралық – 2,44 метр (8 фут). Екi бағананың да, белтемiрдiң де диаметрi – 12 см (5 дюйм). Қақпа сызығының енi екi бағана мен белтемiрдiң енiне пара-пар болады. Қақпаның алаңның сыртындағы жағынан мiндеттi түрде тор керiледi. Ол қақпашыға кедергi келтiрмейтiндей етiлiп бекiтiлуi керек. Екi бағана мен белтемiр ақ түстi болады. Қақпа жерге жылжымайтындай етiлiп орнатылуы керек. Негiзi, жылжымалы қақпа қоюға тыйым салынады.