Футбол көрудің зияны мен пайдасы
Сүйіктісімен қай күні некеге отырғанын ұмытып қалса да, сүйікті командасының қай күні қандай матч өткізгенін, қандай есеппен ұтқанын немесе ұтылғанын, нешінші минутта кімнің не істегенін жаттап алатын жанкүйерлер өте көп. Тіпті командасы ұтылып қалғанда жақын адамынан айырылғандай айналасындағыларды әбігерге салып қоятындар да бар. Жүректері сыр беріп, сырқаттанып қалатындар да, о дүниелік болып кететіндер де бар дейді. Сол рас па?
Арнұр ҚҰРМАНБЕК, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы
Ондай жағдайлар спорт тарихында жиі кездеседі. Бүгінге дейін стадионға келіп, ойын барысында жүрегі ұстап қалған 220 оқиға тіркелген. Неміс ғалымдарының пікірінше, соңғы 20 жылда футбол көремін деп көз жұмған жандардың саны 40 мыңнан асып жығылады. Мюнхендегі Людвиг Максимиллиан атындағы университеттің зерттеушілері Германия және өзге шетелдік командалар ойнаған күндері арнайы тәжірибе жасаған. Нәтижесінде неміс командалары ойнаған күндері дәрігерлер қаралушы жанкүйерлердің саны күрт өскені байқалған. Ал футболсүйерлердің инфаркт алу қаупі сүйікті клубтары ойнаған күндері үш есеге артады екен. Жүректің әлсіреуіне әдепкі ойын жағдайы емес, матч кезіндегі 11 метрлік айып добы, футболшының алаңнан қуылуы секілді қауіпті эпизодтар бірден-бір себепкер бола алады. Алайда футболдың адам өміріне тигізер қаупі жайлы ойлап, бойын қорқыныш билеген жанкүйерлерге айтарымыз, футбол адамдардың жүрегін ауыртып қана қоймай, оларды психологиялық тұрғыдан жетілдіре түседі де. Мәселен, Шотландияда футболдан кейін психотерапевтерге қаралатындар саны бірден төмендейді. Әсіресе психикалық ауытқушылығы бар адамдар мен тұйық, ақыл-есі кемшіндеу келген жандарға футбол көру аса пайдалы. Ғалымдар сонымен қатар ер адамдардың футбол тамашалағаннан соң мейлінше ашылып, еркін сөйлейтін әрекеттерін де байқаған. Жанкүйерлердің 76 пайызы сүйікті командасының ойыншысы гол соққанда, бір-бірін танымаса да құшақтаса жөнеледі. 59 пайыз футбол көрермендері стадионда әндетіп, ұрандатып, командасын қолдап отыруға әзір. Демек, бұл факторлар жанкүйерлердің көңіл күйін көтеруге қызмет етеді.