Филиппин – Азиядағы бірден-бір христиан елі
Азия құрлығында қоныс тепкен Филиппин мемлекеті шынымен христиан елі болып санала ма?
Жайсаңбек ҚАЛИЖАНОВ, Алматы
Иә, Филиппин елі Азиядағы бірден- бір христиан елі саналады, онда мұсылмандар мен буддистер азшылықты құрайды. Филиппин христиандарының басым бөлігі католиктер. Филиппин халқының 80,9 пайызы – католикті, 11,6 пайызы – протестантизмді, 5 пайызы – мұсылман дінін, қалғаны дәстүрлі наным-сенімдерді ұстанады. Бұл елде христиан дінінің кеңінен қанат жаюының себебі испандықтар контрреформация дәуірінде Филиппин аралын ашып, түгелдей жаулап алды. Сол кезде филиппин тайпалары пұтқа табынушылар болатын, христиан діні оларды біріктірсе керек. Аралдар еліндегі ең ежелгі католик храмы ХVІ ғасырға жатады. Бұл елдегі католицизмнің ерекшелігі – кейбір дінге сенушілер жұма күні өзін-өзі күнәһар сезініп, өзін айқышқа (крест) керіп тастайды. Ал қазіргі кезде 350 мыңнан сенушілері бар баптизм 1898 жылы американдық миссионерлердің келуімен таралған.