Ежелгі қазақтар бенди ойнаған ба?
Кейбір мамандар конькимен сырғанау, шаңғы тебу сияқты спорт түрлері қазаққа ежелден таныс дегенді айтып жатыр. Әрине, бұл ойын түрлерінің қазаққа тән болғаны біз үшін өте жақсы. Жақында мамандарымыз бенди ойынының да қазаққа жат емес екенін айтып қалды. Сұрайын дегенім, бұл ойын түрінің қазаққа қандай жақындығы бар?
Олжас МАХМҰТҰЛЫ, Алматы қаласы
Қазақтардың ежелде бенди ойнағандығы туралы дерек жоқ. Бірақ зерттеушілердің сөзіне қарасақ, біздің заманымызға дейін ежелгі грек, Рим, Мысыр, Орталық Азия, Ацтек қолжазбаларында және тасқа салынған бейнелерде бендиге ұқсайтын ойын түрлері көптеп кездеседі екен. Екі командаға бөлініп, жұдырықтай ғана допты таяқшамен қуып жүріп ойнау сол замандағы адамдардың керемет жаңалығына айналып, бұл ойын түрі лезде төрткүл дүниеге тараған. Ойынның шығу тарихы әр елдің қолжазбаларында әртүрлі келеді. Бендидің Азия аймағына дәл қай уақытта таралғаны туралы да белгісіз. Бірақ ХХ ғасырдың басында таяқ добынан Қытай, Корея, Моңғолия, Тибет елдерінде жекелеген ойындар өткізіліп тұрған.