Халқымыз ешкі сүтін ежелден ас мәзірінде пайдаланып, оның адам денсаулығына пайдасын толық білген. Білейін дегенім, біздің елде ешкі сүтін өндіретін орындар бар ма?
Айсәуле Алғатбекова, Алматы облысы
Біздің отандық нарықта ешкі сүті мен одан жасалған сүт өнімдері жоқтың қасы. Ешкі сүті кеңінен қолданылатын балалар тағамдарының 90 пайызы шетелден әкелінеді. Осы түйткілдің орнын толтыру үшін елдегі сүт және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Ақ бастау» компаниясы ешкі сүтін өндіруді қолға алып отыр. Бұл бастаманы Қазақ тағамтану академиясы қолдап отыр. Болашақта аталмыш компания «Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан қоршаған ортаға бейімделгіш сүтті ешкінің 1000 басын әкеліп, арнайы шаруашылық құрамыз» деп отыр. Деректер көзі бір ғана Алматы қаласында ешкі сүтінен өндірілген өнімдер өте қымбатқа сатылып жатқанын растайды. Ал мамандар Қытайдан сүтті ешкілер әкелінген соң, шикізаты өзімізден болатындықтан, сүттің бағасы арзандайды деген сенімде. Жалпы, мамандар келешекте ешкі сүтін өндіруге, одан өнім алуға айрықша көңіл бөлу қажеттігін алға тартуда.