Ескерткіштер күні қашаннан бері аталып өтіледі?
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні екен. Ол қай кезден бастап аталып өтіледі?
Әлия ЖҰМӘДІЛОВА, Астана
Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы атап өтілді. Оны 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы арнайы бекіткен болатын.
Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО-ның әлемдік маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген. Қазақ даласында әлемді таңғалдыратын небір тарихи орындар мен ескерткіштер бар екені белгілі. 2003 жылы аталған тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматы маңындағы Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Жалпы, Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын ұзын саны 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның басым бөлігі Маңғыстау жерінде жатыр.