Есек те ескерілді
Адамнан басқа тіршілік иелеріне не болмаса жансыз заттарға ескерткіш қоюға бола ма? Жалпы, әлемде оның қандай көріністері бар?
Рауан КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, Тараз
Тылсымға толы дүниеде тіпті жан-жануарларға да қойылған сансыз ескерткіштер бар. Мәселен, Минск пен Бостон қаласында кәдімгі торғайдың ескерткіші тұр. Себебі торғай бір кездері қаланы қаптаған құрттарды жеу арқылы қаншама халықты аштықтан аман алып қалған. Сондай-ақ итке арналған ескерткіш те әлемнің әрбір нүктесінде бар көрінеді. Көбінде «адамның досы» иесіне адалдық жасаумен ғана емес, сондай-ақ адамдарды құтқаруда да ерлік танытқан. Швейцарияда, мәселен, ол жануарға қар көшкіні кезінде 86 адамды құтқарып қалғаны үшін мәңгілік құрмет белгісі ретінде қойылған. Ал Аляскадан күні бүгінге дейін жергілікті халық эскимостарды асырап отырғандығы үшін китке ескерткіш орнатқан.
Италияның Капитолий жотасында қасқырдың ескерткіші қасқайып тұр. Осы бір ескерткіштің тарихи мәні тереңде жатыр. Римнің негізін қалаған Рэм мен Ромулды емізіп, солайша бүкіл бір ұлтты өрбіткен осы бір жануар деген аңыз-шежіреге негізделген. Бүгінде ол Римнің бетке ұстар басты жәдігері болып табылады.
Айтарлықтай тағы бір қызық – осы Римдегі есекке қойылған ескерткіш. Себебі осы бір төзімді де көнбіс жануар сонау І Дүниежүзілік соғыста итальян әскерінің жалғыз мініс көлігі болса керек.